National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Президент сайлауын өткізу туралы шешімге қолдау білдірген және Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылуын өтінген хаттар мен жеделхаттар

2015 жылғы 04 наурыз

 

Мемлекет басшысы атына түрлі кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысшыларынан, денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінің ұжымдарынан, студент жастардан, ел азаматтарынан Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы сайлауға қатысуын өтінген хаттар легі толассыз келіп түсуде.

Қарағанды облысының қала құрушы кәсіпорындарының басшылары, сондай-ақ Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттері, ұстаздары мен ғалымдары Мемлекет басшысының алдағы президенттік сайлауға қатысуын өтініп, хат жазыпты.

«Әлемдік экономикадағы созылмалы дағдарыс жағдайында тиісті шара қолдану қажет болғанда Сіз елдің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды стратегиялық міндеттерді дер кезінде алға тарттыңыз. Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының сайлау өткізу туралы бастамасын қолдаймыз және Қазақстан халқының алдындағы осы күрделі кезеңде Сіздің басшылығыңызбен жаһандық сынақтардан табысты өту үшін көпұлтты елдің Ұлт Көшбасшысының төңірегінде тұтаса түсу қажет деп санаймыз», – делінген хатта.

Қызылорда қаласынан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жұмысшылары президенттік сайлау өткізу туралы шешімді толық мақұлдайды және оған Мемлекет басшысының өзі қатысқанын қалайды.

«Біз елді әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған Сіздің көреген саясатыңызды әрқашан қолдауға дайынбыз. Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу жөніндегі Сіздің ауқымды идеяңыз табысты болатынына және Өзіңізбен бірге бұдан зор биіктерге жететінімізге сенімдіміз», – деп жазады авторлар.

 «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнайшылары «Нұрлы жол» бағдарламасында белгіленген және отандық экономиканы дамытуға бағытталған жобаларды табысты жүзеге асыру тек Мемлекет басшысының басшылығымен мүмкін болатынын айтқан.

«Сізден өз кандидатураңызды президенттік сайлауға ұсынуды сұраймыз. Біз дауысымызды Сізге беретінімізге сендіреміз және сол арқылы маңызды таңдау жасаймыз», – делінген хатта.

Ақтау қаласынан «МАЭК – Қазатомөнеркәсіп» ЖШС өкілдері күрделі халықаралық ахуал мен әлемдік экономикада дағдарыс құбылысы белең алуына байланысты «Нұрлы жол» бағдарламасының одан әрі іске асыру қажеттілігі туып отырған жағдайда Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы сайлауға қатысқанын қалайтындарын айтады.

37 ұлттың өкілдері жұмыс істейтін Алматы көпір конструкциялары зауытының мыңдаған адамдық ұжымы Мемлекет басшысының президенттік сайлауға түсуін өтініп хат жазған. Олар Елбасының басшылығымен тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы сақталатынына, экономиканың өсуі жалғасып, мемлекеттің әлемдік аренадағы мызғымас беделі нығая беретініне сенім білдірген.

«Біз елімізді дамыту үшін «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудың маңызды екеніне өте сенімдіміз. Біздің зауыт бұл іске белсене қатысуда. Сіз – біздің Президентсіз.  Біз басында Ұлт Көшбасшысы  тұрған қуатты әрі гүлденген Қазақстанды қалаймыз», – деп жазады авторлар.

Қызылорда қаласынан хат жолдаған «Қазгермұнай» БК ЖШС жұмысшылары Елбасының басшылығымен тәуелсіздік жылдары еліміздің бет-бейнесін түбегейлі өзгерткен ауқымды реформалар жүргізілгенін атап өткен.

«Осыған орай Сіздің президенттік сайлауға қатысқаныңызды қалаймыз. Сайлауда Сізге дауыс бере отырып, біз болашаққа сеніммен қарай аламыз», – делінген хатта.

«Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ қызылордалық жол бөлімшесінің ұжымы республикамызды өркендеуге бастаған «Қазақстан-2050» Стратегиясының маңызы жоғары екеніне тоқталған.

«Біз президент сайлауына айрықша мән береміз және Сіздің сайлауға түскеніңізді қалаймыз. Өйткені жеңіске Сіз ғана лайықтысыз», – деп жазады авторлар.

Алматы облысынан «Эфес Қарағанды» ЖШС жұмысшылары Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында қазақстандықтар болашаққа сеніммен қарайтынын айтады.

«Қазақстан деп аталатын үлкен кеменің штурвалынан Сізді ғана көргіміз келеді. Сізді біздің үмітіміз бен тірегіміз десек, барлық қазақстандықтардың пікірін білдіретінімізге сенімдіміз. Сізбен бірге болсақ, бәрін де еңсере аламыз», – делінген хатта.

Алматы облысы «АзияАгроФуд» ЖШС жұмысшылары Мемлекет басшысының тұлғалық қасиеті, даналығы мен тәжірибесі, беделі елдің әрі қарай дамуы мен өркендеуіне қызмет ететінін айтады.

«Біз алдағы президенттік сайлауды құптаймыз және Сіздің оған қатысқаныңызды қалаймыз. Сізге сенеміз, жақсы көреміз және бағалаймыз. Сізге сене отырып, біздің көп этносты Қазақстанның болашағын Сізбен ғана байланыстырамыз», – делінген хатта.

Президент сайлауына байланысты хаттар Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінен де келді. Мәселен, облыстық медициналық орталықтың ұжымы өздерінің мекемесін кеңейту және сапалық тұрғыдан дамыту елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижесінде мүмкін болғанын айтады.

«Сізбен бірге еліміздің болашағын жасауға дайынбыз, сондықтан алдағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына кандидатураңыздың ұсынылғанын қалаймыз», – делінген хатта.

Қызылорда қалалық ауруханасының жұмысшылары республикада әлеуметтік саланы дамытуға айрықша көңіл бөлінетініне, заманауи жабдықтармен жасақталған білім және денсаулық нысандары салынып жатқанына назар аударған. Осыған орай авторлар Мемлекет басшысының президент сайлауына түсуін өтініп, Елбасының кандидатурасын қолдауға дайын екендерін білдірген.

Қызылорда қаласының есту қабілеті нашар балаларға арналған №6 арнаулы (коррекциялық) мектеп-интернатының ұжымы Мемлекет басшысының Тәуелсіздікті нығайтудағы, елдің әл-ауқатын арттырудағы, бәсеке қабілетін күшейтудегі рөлін атап өткен. Сондай-ақ Мемлекет басшысына президент сайлауына түссеңіз деген өтініштерін жеткізіп, оның жеңетініне күмәнсіз сенетіндерін айтқан.

Елбасына қолдау білдірген хаттар мен жеделхаттар елдің түрлі өңірлеріндегі білім беру мекемелерінен де келді. Атап айтқанда, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің он мың студенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауға түсуін өтінген және студент жастарды сайлауға белсене қатысуға шақырған.

«Біздің Президентті қолдау саясатымыз Ұлт Көшбасшысына, оның қуатты әрі гүлденген Қазақстанды құруға бағытталған стратегиялық бағдарына деген толық сенімге негізделген. Бүгінде елімізде жастардың дамуы және кәсіби білім алуы, болашағының табысты болуы үшін барлық жағдай жасалған. Біздің басты міндетіміз –  жақсы білім алып, саяси белсенді болу және республика игілігі үшін еңбектену. Мемлекет басшысының саясатын қызу қолдай отырып, біз сүйікті Отанымыздың әрі қарай дамуы мен өркендеуіне өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Бұл біздің азаматтық ұстанымымыз, конституциялық құқығымыз әрі патриоттық парызымыз», – деп жазады авторлар.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері Нұрсұлтан Назарбаевты алдағы сайлауға түседі деп үлкен үмітпен күтіп отырғанын хабарлаған.

«Өңірдегі зиялы қауым мен жастар сайлауға белсене қатысатынына және Сіздің кандидатураңызға дауыс беретініне сенімдіміз», – делінген хатта.

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің оқытушылар ұжымы президент сайлауын тағайындау туралы шешім Мемлекет басшысының даналығы мен көрегендігінің тағы бір айғағы, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен демократияның негізгі қағидаттарын сақтаудың кепілі екенін айтады.

«Сіздің басшылығыңызбен қазақ халқының тәуелсіздік пен қуатты мемлекет құру туралы сан ғасырлық арманы орындалды. Сіздің арқаңызда Қазақстанға барша әлем құрметпен қарайды. Біз татулық пен келісімде, экономикалық өсім мен әл-ауқатымыздың ұдайы артуы жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Сізден кандидатураңыздың ел Президентінің сайлауына ұсынылуын сұраймыз. Өз болашағымызды Сізбен ғана байланыстырамыз»,  деп жазады авторлар.

Сонымен қатар, «Ұлытау» Ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының  еңбеккерлері  еліміздің Тәуелсіздігін нығайтуға қызмет ететін президенттік сайлау өткізу туралы шешімді бірауыздан  қолдаған.

Алматы облысынан «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының мүшелері де Қазақстан секілді үлкен елдің басында Нұрсұлтан Назарбаевтай тұлға тұру керек деп санайтындықтан, Елбасы президенттік сайлауға қатысса екен деген тілегін жеткізген.

«Өзіңізбен бірге болсақ, бізге ештеңе қиын емес. Кез келген биікті бағындырып, кез келген дағдарысты еңсереміз және бұрынғыша еліміздегі татулық пен келісімді көздің қарашығындай сақтайтын боламыз», – делінген хатта.

Алматы облысынан Қарасай ауданы Ардагерлер кеңесінің мүшелері Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталады және соның арқасында еліміз әлемнің өзге елдерінің арасында лайықты орынды иеленгенін айтады. Осыған байланысты авторлар Мемлекет басшысының алдағы президент сайлауына қатысуы елдің болашағы үшін қажет екенін атап өткен.

Алматы облысынан Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаз А.Асқаров Нұрсұлтан Назарбаевқа мектепте биология пәнінен сабақ бергенін мақтанышпен атап өткен. 

«Біздің республика көптеген сынақтарды табысты еңсерді, бүкіл әлемге танылды. Осының бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің жемісі. Сондықтан мен оның Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына қатысқанын қалаймын», – деп жазады автор.

Қызылорда облысы Қармақшы ауданынан хат жолдаған Ұлы Отан соғысының ардагері Ш.Бектібаев Отан игілігі жолындағы қажымас еңбегі, халықаралық аренадағы биік беделі арқасында Нұрсұлтан Назарбаев халық арасында зор сенімге ие екенін атап өткен. Осыған байланысты автор Мемлекет басшысына алдағы президент сайлауына қатысуы туралы өтінішін жеткізіп, жеңіс тілейді.

Запастағы полковник С.Бегіжанов өз хатында жалпыға бірдей дағдарыс жағдайында сайлау өткізу туралы шешімнің қабылдануы әлемдік ауқымдағы саясаткердің батыл қадамы болып саналатынын айтады.

 «Ел азаматтарының Сіздің кандидатураңыздың президент сайлауына ұсынылуын өтінген хаттарын толықтай қолдай отырып, оған Сіздің қатысуыңыз бен бүкіл халықтың қолдауы дағдарысқа қарсы маңызды шара және егемен Қазақстанның ішкі саясаттағы тұрақтылығы, үдемелі дамуы үшін қажетті басты шарт екеніне мен миллиондаған отандастарым сияқты сенімдімін», – делінген хатта.

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын  тағайындауға байланысты келіп жатқан хаттар легі жалғасуда.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің